Қазақстан экономикасын дамытуға республикалық бюджеттің небәрі 11% бағытталған

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол 1,2 трлн теңгеге тең

Фото: istockphoto.com

2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасын дамытуға республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңге, яғни жалпы шығыстардың шамамен 11% ғана бөлінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалған қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік төлемдер мен өңірлерді қолдауға бағытталды. Қаржы министрі Мәди Такиев үкімет отырысында осы жайлы айтып берді.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджет кірістері 17,3 трлн теңгені құрап, жоспардың 102% жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға немесе 2,4 трлн теңгеге артық.
Республикалық бюджетке 10,5 трлн теңге түскен, жоспар орындалуы — 97,3%.

Алайда жоспардың толық орындалмауына әсер еткен негізгі факторлар:

  • әлемдік мұнай бағасының жоғары құбылмалылығы,
  • геосаяси тұрақсыздық,
  • және логистикалық қиындықтардың экспорт көлемін азайтуы.

Нәтижесінде ірі бизнес тарапынан түсетін салық түсімдері төмендеген.

Мәди Такиевтің мәліметінше, жергілікті бюджеттерге түсетін кіріс 6,8 трлн теңгеге жетіп, жоспардан 704 млрд теңгеге артық орындалған. Бұл көрсеткіш сыртқы факторларға тәуелді емес салықтар есебінен қамтамасыз етілгенін атап өтті министр.

Салық және кеден әкімшілендіруі нәтижесінде бюджетке қосымша 653 млрд теңге резерв түскен. Сонымен қатар экспорттаушыларға 1 трлн теңгеге жуық ҚҚС қайтарылған, бұл ішкі нарықтағы өтімділікті арттыруға ықпал етті.

Қаржы министрінің айтуынша, республикалық бюджет шығыстарының негізгі бөлігі келесі бағыттарға бөлінген:

  • Әлеуметтік сала – 6,5 трлн теңге;
  • Өңірлерді қолдау – 5,6 трлн теңге;
  • Реалды сектор (экономика дамуы) – 1,2 трлн теңге.