$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.10.2019, 14:53
Жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан ауылдарында фельдшерлік пунктер жабық тұр

Мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қазынадан қыруар қаржы бөлініп жатса да, жас мамандар Солтүстік Қазақстанға келуге құлықсыз

Солтүстік Қазақстан ауылдарында фельдшерлік пунктер жабық тұр

Солтүстік Қазақстан облысының емдеу мекемелерінде 220 дәрігердің орны бос тұр. Ауылдық жерлерде 84 маман жетіспейді. Жұмыс күшінің тапшылығынан, кейбір елді мекендердің фельдшерлік пунктері жабылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан халқына 1 374 дәрігер, 5 055 орта медициналық маман қызмет көрсетіп жүр. Әсіресе терапевт, балалар дәрігері, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинекологтар мен хирургтар қат. Маманның жоқтығынан Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылдық дәрігерлік-акушерлік пункттің есігі өткен жылдан бері қаңтарылып тұр.

«Біздің ауылда мейірбике жоқ. Елде бала-шаға, кәрі-құртаң болған соң ауырмай тұрмайды. Амалдап өзіміз дәрі ішеміз. Маманның кеңесінсіз өзін-өзі емдеумен айналысқан дұрыс емес, әрине. Бірақ тығырықтан шығар басқа жол жоқ. Кейде көрші ауылдың дәрігерлік амбулаториясына барамыз.  Жол бірде бар, бірде жоқ. Жаңбыр жауса, оған да жете алмаймыз. Біреу қатты ауырып қалса, ауданға сарылады. Бұл оңай емес. Жас мамандар ауылға келгісі жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Нұрғожа Қаңтарбаев.

Солтүстік Қазақстан облысында фельдшерлік пункті жабық тұрған төрт ауыл бар. Мұндай елді мекендердің тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса аудан орталығы немесе көрші ауылдарға сабылуға мәжбүр болады. Барлығын тығырыққа тіреп отырған мәселе – білікті маманның жоқтығы. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша әр дәрігерге  көтерме ақы беріледі. Бұл мақсатқа 2019 жылға 87 миллион теңге бөлінген. Алайда мәселе түбегейлі шешімін таппай келеді.  

«Облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ауылдық жерлерде жұмыс істеуге келген дәрігерлерге жергілікті  бюджеттен 1,5 миллион теңге көлемінде көтерме ақы төленді. 2019 жылы 58 маманға 87 миллион  теңге жалақы беру жоспарланған. Медициналық ұйымдар жалдамалы тұрғын үйдің ақысының 50 пайызын төлейді. Бір байқағаным, жастар Нұр-Сұлтан, Қарағанды сынды ірі қалаларда қалғысы келеді.  Сондықтан Солтүстік Қазақстанға келе бермейді»,  – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Гүлия Шамина.

Облыс орталығында да медицина мамандарының тапшылығы – өзекті мәселелердің бірі. Петропавл қалалық №2 емхана 80 мың адамға қызмет етеді. Бұл - шаһардағы ең ірі аймақ. Аталған емдеу мекемесінде 20-дан астам дәрігердің орны бос тұр. Әсіресе функционалдық диагностика, ультрадыбыстық зерттеу, рентгенолог, балалар дәрігері, акушер-гинекологтар мен терапевтер жетіспейді.

«Петропал қалалық №2 емханадағы дәрігер жетіспеушілігі мәселесін биыл түбегейлі шешеміз деген жоспар болды. Еліміздегі медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының 19 түлегімен келісім шарт жасалды. Іс жүзінде 5 адам ғана жұмысқа келді. Біреулері оқуын жалғастырмақ болып, резидентураға кетсе, екіншілері солтүстік өңірге келмек болған ойынан айнып қалған», - дейді Петропавл қалалық №2 емханасының бас дәрігері Жеңіс Әбілев.

Келісімшартқа қол қойып, одан бас тартқандарға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Сондықтан, құжатқа ойланбастан қол қоя салған жастар, дәл солай Петропавлға келуден бас тартқан. Жұмыс күші жетіспегендіктен, басқа дәрігерлерге түсетін салмақ артқан. Кейде бір дәрігерге екі учаскеге жұмыс істеуге тура келеді.

«Петропавл қаласында «Дәрігерлер үйі» бар. Көпқабатты баспана медицина саласының қызметкерлеріне арналған. Облыс орталығына жұмыс істеуге келген және баспанаға мұқтаж жас мамандарға 80 пәтер қарастырылған. «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы аясында медицина қызметкерлері «Жас өркен» шағын ауданында салынып жатқан жаңа үйден 23 пәтермен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы пәтер бөлу арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша медицина қызметкерлеріне 1 миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттарын беру мәселесі қарастырылуда», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Гүлия Шамина.

Мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қазынадан қыруар қаржы бөлініп жатса да, жас мамандар Солтүстік Қазақстанға келуге құлықсыз. Статистикаға сүйенсек, республика бойынша ең төмен жалақы мөлшері Қызылжар өңірінде тіркелген. Елімізде еңбекақының орташа көлемі 188 мың теңге болса, теріскейде бұл көрсеткіш небәрі 121 мыңды құрайды.  Солтүстікке келгендерден гөрі, кетіп жатқандардың саны басым. Өңір халқы өткен жылы  0,64 пайызға азайып, 555 мың адам болған. Ал 2019 жылдың 8 айының статистикасына сәйкес, Қызылжар халқы тағы да 4 мыңға кеміген. 2010 жылдан бері Солтүстік Қазақстан халқының саны 165 мың тұрғынға азайған. Өңірден кетіп жатқандардың дені көршілес Ресей мемлекетіне қоныс аударған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #Петропавл