Полицейлер Алматы облысында қолды болған 32 ірі қараны иесіне қайтарды
Жедел іздестіру шаралары барысында 5 адамнан тұратын қылмыстық топ өкілдері ұсталып, аудандық полицияға жеткізілді
Алматы облысының полицейлері 7 миллион теңгеден астам шығын әкелген барымташылар тобын қолға түсірді. Сот шешімімен олар қамаққа алынып, өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр, деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Ұрылар қазан айының басында Қаратал ауданындағы шаруа қожалықтың қорасынан 41 ірі қараны ұрлап кеткен. Аудандық тәртіп сақшылары бірнеше іздестіру топтарын құрып, аталған қылмысты ашуға бағытталған ауқымды шаралар қабылдаған.
Жедел іздестіру шаралары барысында 5 адамнан тұратын қылмыстық топ өкілдері ұсталып, аудандық полицияға жеткізілді. Тәртіп сақшылары қолды болған 32 малды сатып алушыдан тәркілеп, иесіне қайтарды. Қалған сиырлардың сойылып кеткені анықталды.
«Мал иесінің арызы түскен сәттен бастап қылмысты ізін суытпай ашу мақсатында шұғыл әрекет еттік. Қабылданған шаралар аясында 19 бен 36 жас аралығындағы 5 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстадық. Тергеу барысында ұрланған мал Талғар ауданына сатылғаны анықталып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді Қаратал ауданы Полиция бөлімінің бастығы Рауан Әбдрайымов.
Полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, соңғы бес жыл ішінде мал ұрлығын кәсіп қылған 300-ден астам қылмыстық топ ұсталған. Жалпы облыстағы мал ұрлығы азайған. 2014 жылы облыс аумағында 1609 мал ұрлығы тіркелсе, биыл 729 мал ұрлығы болыпты. 9 ай ішінде барымташылардың жетегінде кеткен 650 мал өз иелеріне аман-есен қайтарылса, зардап шегушілерге 75 миллион теңгеден астам материалдық шығын өндірілген.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы