«Ақтөбенің» жас футболшысы туыстарымен бірге қайғылы жағдайда көз жұмды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Биылғы маусымда 15 жастағы жас талант жасөспірімдер командасы құрамында алты ойынға қатысты

Фото: Видеодан скрин

«Ақтөбе» жасөспірімдер командасының қорғаушысы Мұса Арон 11 қазан күні қайғылы жағдайда қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Футболшының отбасына көңіл айту жазбасын клубтың баспасөз қызметі Instagram парақшасында жариялады. Қайғылы оқиғаның мән-жайы нақтыланбаған.

«Онымен бірге оның әжесі мен немере інісі де көз жұмды», – делінген хабарламада.

Мұса «Ақтөбе» U-16 командасы сапында алғаш рет 2 тамызда алаңға шығып, бір нәтижелі пас берген. Соңғы ойынын 4 қазанда өткізген. Биылғы маусымда 15 жастағы жас талант жасөспірімдер командасы құрамында алты ойынға қатысты.

Бейресми деректерге сүйенсек, отбасы көмірқышқыл газынан улануы мүмкін.

Мұса 2010 жылдың 18 сәуірінде дүниеге келген.

Айта кетейік, бұл – соңғы бір ай ішіндегі қазақстандық футболдағы екінші қайғылы жағдай. 23 қыркүйекте елордалық «Жеңіс» клубының 19 жастағы футболшысы Виктория Кайсаринова Павлодар – Астана тасжолында болған жол апатынан қаза тапқан еді.