Кептелістің негізгі себебі — рұқсат құжаттарының жетіспеуі
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» өткізу пунктінде көлік кептелісі пайда болды. Себеп – отандық тасымалдаушыларда ҚХР аумағына өтуге қажетті рұқсат бланкілерінің тапшылығы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл бланкілер екі елдің уәкілетті органдары арасында алмасу арқылы беріледі. Қазір дәл осы алмасу процесінде үзіліс болғандықтан, шекарада жүк көліктері уақытша тоқтап тұр.
«Қазіргі таңда негізгі себеп – отандық тасымалдаушылардың Қытайға өтуге арналған шетелдік рұқсат бланкілерінің болмауы. Мәселені шешу үшін Комитет пен Көлік министрлігі бірлесіп жұмыс істеп жатыр», — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытайдың көлік ведомстволары рұқсат құжаттарының қосымша квотасын бөлу және оларды жылдам рәсімдеу мәселесін талқылап жатыр.
Сонымен қатар Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қытайдың Бас кеден басқармасымен келіссөз жүргізген. Нәтижесінде:
Комитет мәліметінше, жүк тасымалдаушылардың шығындарын азайту мақсатында белсенді броньдардың әрекет ету мерзімі 72 сағатқа ұзартылды.
Бұл шара тасымалдаушыларға төленген төлемдерді сақтап, рұқсат бланкілері түскеннен кейін шекарадан кедергісіз өтуге мүмкіндік береді.
«Жаңа бланкілер партиясы Қытай Көлік министрлігінен түскен бойда, қазақстандық тасымалдаушылар оларды жүйе арқылы ала алады», — деп хабарлады ведомство.
Мемлекеттік кірістер комитеті ахуал толық бақылауда екенін және рұқсат құжаттарының түсуін күтуді сұрады.