Павлодар облысында жұмысшы жер қазып жатып, топыраққа көміліп қалды
Оны құтқарушылар аман алып қалды

Павлодар облысының Ақсу қаласында ТЖМ құтқарушылары жұмыс барысында жерге көміліп қалған ер адамды аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Промышленный көшесінде орналасқан серіктестіктердің бірінің аумағында болған. Оқиға туралы хабарлама төтенше қызметтің 112 пультіне алдыңғы күні түскен.
Белгілі болғандай, жер қазу жұмысы кезінде топырақ опырылып, соның салдарынан 1998 жылы туған ер адам топырақ астында қалып қойған.
«Құтқарушылар су құбыры құдығында пайда болған саңылау арқылы арнайы жабдық көмегімен зардап шегушіге оттегі беріп отырды. Сол уақытта оны жер астынан шығару бойынша құтқару жұмысы қатар жүргізілді», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Бірнеше минутқа созылған шиеленісті құтқару жұмыстарынан кейін ер адамды топырақ астынан шығарып алуға мүмкіндік туды. Құтқарылған азамат бірден жедел жәрдем дәрігерлеріне тексеру үшін тапсырылды.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, операция сәтті аяқталды, құтқарушылардың үйлесімді және жедел іс-әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.