Көпір пайдалануға берілген соң бұл бағыттағы қозғалыс жыл бойы қауіпсіз және ыңғайлы болмақ
Шығыс Қазақстан облысындағы Осинов асуында Пихтовка өзенінің үстінен өтетін жаңа көпірдің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖолға» сілтеме жасап.
Құрылыс жұмыстары республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 56-72 шақырымында басталған.
«Аталған нысан аймақ үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Көпір пайдалануға берілген соң бұл бағыттағы қозғалыс жыл бойы қауіпсіз және ыңғайлы болмақ. Сонымен қатар нысан еліміздегі ең биік көпірдің бірі болмақ», - деп жазылған хабарламада.
Бүгінде жолшылар жағалау және аралық тіректерді орнату, тұғырларды нығайту, бетондау және арматуралау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Бұл жоба тек инженерлік құрылыс қана емес, өңірдің болашағына апарар көпір. Ол туризмді дамытуға, сауданы арттыруға және жергілікті елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтуге зор мүмкіндік бермек», - дейді мамандар.