Талдықорғанда төрт елдің ғалымдары Шоқан Уәлихановтың мұрасын талқылады
Жетісу облысында «Шоқан Уәлиханов: тарих және тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Этнограф ғалым, ағартушы, тарихшы және географ Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Ұлыбритания мемлекеттерінің және еліміздің ғалымдары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конференцияның ашылуында көпшілікті облыс әкімінің атынан құттықтаған орынбасары Диас Есдәулетов Шоқан Уәлиханов мұрасы түрік халықтарының тарихы мен мәдениетін тануға септігін тигізетінін атап өтіп, ғалым еңбектерінің жан-жақты зерттелуі келешек ұрпақтың еншісінде екенін алға тартты.
«Шоқан Уәлиханов жалғыз қазақтың ғана емес, барлық түрік халықтарының мақтанышы. Оның тұлғасы – жалпыұлттық сипатқа ие. Оның өмірінің соңғы күндерін Жетісу жерінде өткізіп, топырақ бұйыруы біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Биыл ғалым атындағы «Алтынемел» музейінің ашылғанына 40 жыл толып отыр. 2023 жылы ел Президентінің тапсырмасымен музейге толық жөндеу жұмыстары жүргізілді», - деген Есдәулетов аймақтың тарихи-мәдени өмірінен орын алған музейдің маңыздылығына тоқталды.