Тергеу барысында күдіктіге қатысты алаяқтықтың 12 фактісі анықталды
Батыс Қазақстан облысында тұрғындарға ипотекамен тұрғын үй алуға көмектесемін деп уәде берген 34 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Күдікті бұған дейін банк саласында жұмыс істеген. Ол тұрғындарды ипотекалық несие рәсімдеуге, тұрғын үй мен автокөлік сатып алуға көмектесемін деп сендіріп, олардың ақшасын иемденген деген күдікке ілінді.
«Тергеу барысында күдіктіге қатысты алаяқтықтың 12 фактісі анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», - деп жазылған хабарламада.
Келтірілген жалпы материалдық залалдың көлемі 50 млн теңгеден асады. Белгілі болғандай, жәбірленушілердің басым бөлігі – қаладағы жеке кәсіпкерлер.
Кейбір жағдайларда күдікті автокөлік сатып алуға жәрдемдесемін деп алдап, азаматтардың қаражатын иемденген. Ең ірі эпизод аудандардың бірінің тұрғынына қатысты: ол ипотека рәсімдеуге көмек көрсетемін деген күдіктіге 23 млн теңгеден астам қаражат берген.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Полиция азаматтарды барынша сақ болуға, осындай жағдайға тап болғанда полицияға дереу хабарласуға шақырды.