Астанада жедел жәрдем шақырғандар енді оның қайда келе жатқанын онлайн бақылай алады
Мұндай функция Мәскеуде де жоқ

Астанада енді «103» нөмірі арқылы қоңырау шалып, жедел жәрдем шақырсаңыз, мекенжайға жіберілген бригаданың бағытын Yandex навигатор қосымшасы арқылы бақылай аласыз. Бұл туралы Yandex Kazakhstan компаниясының GR директоры Мейірбек Мұқатов елордада өткен Азаматтық форумда мәлімдеді, деп хабарлады Azattyq Rýhy.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бұл пилоттық жоба Yandex компаниясы жұмыс жүргізетін мемлекеттер ішінде тұңғыш рет Қазақстанда, соның ішінде Астанада енгізіліп отыр.
«Бұл пилоттық жоба Yandex географиясы бойынша ең бірінші болып Астанада жүзеге асырылды. Биылғы сәуір айында іске қосылды. Тіпті әлі Мәскеу қаласында да жоқ. Астанадан бөлек, Ақтөбе, Қостанай қалаларында да іске қосылып жатыр. Басқа қалаларға енгізу әлі де талқылануда. Өйткені бұған технологиялық деңгейде дайындық керек», - деді Мейірбек Мұқатов.
Сарапшының сөзіне, жедел жәрдем көмегіне жүгініп, «103»-ке қоңырау шалушының телефон нөміріне смс түрінде сілтеме жіберіледі. Сол сілтеме бойынша Yandex навигатор қосымшасы арқылы жәдел жәрдемнің бағытын бақылап отыруға болады.