22 мен 28 жас аралығындағы төрт ер адам қамауға алынды
Астанада караоке-барға келгендер жол бойында төбелес шығарып, оқиға салдарынан қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төнді. Төбелескендердің мас күйінде болған анықталды, полицейлер оларды дереу қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға елордадағы караоке-барлардың бірінің жанында болды. Полиция мәліметінше, ер адамдар арасындағы ауызша жанжал тез арада төбелеске ұласқан.
«Алдымен сөзге келіп қалып, артынша төбелеске ұласқан. Олар жолдың жүріс бөлігіне шығып кетті. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндірді», – делінген Астана қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.
Жедел әрекет нәтижесінде 22 мен 28 жас аралығындағы төрт ер адам ұсталды. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен барлығы 10 тәулікке қамауға алынды.
Полиция мұндай қоғамдық тәртіп бұзушылықтарға, әсіресе мас күйінде жасалған әрекеттерге, қатаң шара қолданылатынын ескертті.