Қызылорда облысында алты сумен жабдықтау нысанын салу жобаларын жүзеге асыруға 2,2 млрд теңге бөлінді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қызылорда облысындағы ауылдарды сумен қамту үшін жемқорлардан қайтарылған активтер қаражаты есебінен 2,2 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің мәліметінше, еліміздің оңтүстік өңірлерінің тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу – Үкімет жұмысының Президент тапсырмасымен айқындалған басым бағыттарының бірі. Арнаулы мемлекеттік қордан Қызылорда облысында алты сумен жабдықтау нысанын салу жобаларын жүзеге асыруға 2,2 млрд теңге бөлінді.
Жобалар жалпы 1,8 мыңға жуық тұрғыны бар Арал және Қазалы аудандарындағы ауылдарды қамтиды. Аталған шараларды жүзеге асыру Тастүбек, Ерімбетжаға, Шәкен, Шилі, Шитүбек және Сарбұлақ ауылдарын сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмысқа топтық сумен жабдықтау жүйелеріне қосу да, ауылшілік желілерді салу да кіреді. Мердігерлік ұйымдар анықталып, жоба қаржыландырылды.
Нысандар құрылысын аяқтау және оларды пайдалануға беру 2025 жылдың соңына жоспарланған.