«Өзі кінәлі»: Қостанайда дәрігерді ұрып, комадан бір-ақ шығарған ер адамның соты өтті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оған қатысты сот үкімі қашан шығатыны белгілі болды

Фото: «Наша Газета»

Қостанайда №2 сотта облыстық аурухананың дәрігері Антон Кистановқа жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Tobolinfo-ға сілтеме жасап.

Сотта куәгерлер не айтты

Қабылдау бөлімінің фельдшері Салтанат Иманталиева оқиға кезінде науқас пен дәрігер арасындағы жанжалды көрмегенін, бөлмеге Кистанов соққы алғаннан кейін кіргенін айтты.

«Мен дәрігерді есін жиғызуға кірістім. Қасында оны ұрған пациент тұрды. Не болғанын сұрадым, неге дәрігерге қол көтердіңіз дедім. Ол «Өзі кінәлі» дегенге ұқсас сөз айтты», — деді Салтанат Иманталиева.

Фельдшердің айтуынша, бұған дейін Сәрінжіпов кезекте отырған кезде бірнеше рет дәрігер қашан қабылдайтынын сұраған. Алғашында сабырлы болғанымен, кейін ашулана бастаған.

Екінші куәгер, пациент Мадина Нұрмұхамедова, соққы жасалған сәтте Сәрінжіпов пен Кистановпен бір кабинетте болғанын айтты. Ол сол кезде жүктілікке байланысты талдау тапсырып жүрген.

Оның сөзінше, Сәрінжіпов дәрігерлердің ұзақ күттіргеніне ашуланған.

«Біраз уақыттан кейін дәрігер келді. Сол кезде айыпталушы неге ұзақ қабылдайсыңдар деп агрессивті сөйлей бастады. Дәрігер сабырға шақырып, операцияда болғанын түсіндірді. Оның жағынан ешқандай агрессия болған жоқ. Бір сәтте пациент дәрігердің сөзін бөліп жіберіп, соққы жасады. Уролог жерге құлап, басын соғып алды. Барлығы әп-сәтте болды. Мен бөлмеден шығып, санитарларды көмекке шақырдым», — деді куәгер.

Үкім қашан шығарылады

Соттағы пікірталас кезінде прокурор Сәрінжіповті 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жәбірленуші Антон Кистанов моральдық залал үшін 2 миллион теңге, ал адвокат қызметі үшін тағы 500 мың теңге көлемінде өтемақы талап етті.

Айыпталушы Абылайхан Сәрінжіповке үкім ертең, 10 қазанда шығарылады.

Оқиғаға қысқаша шолу

Еске салайық, оқиға 17 шілдеде Қостанай облыстық ауруханасының қабылдау бөлімінде болған.

Медициналық ұйым өкілдері бұл оқиғаны жай ғана тұрмыстық жанжал емес, күн сайын адам өмірін сақтап жүрген дәрігерлерге қарсы жасалған қылмыс деп бағалаған.