Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиембайдың жазасы өзгеріссіз қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Сот үкімі екі тарап та қарсылық білдірген болатын

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қала әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиембайға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол 9 жылға бас бостандығынан айырылған

20 тамызда Шымкент қаласының соты Ернар Жиембайды Руслан Берденовке қастандық жасауға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түрмеге 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Сондай-ақ сотталушы жәбірленушіге 30 айлық есептік көрсеткіш (117 960 теңге, 2025 жылғы мөлшер) көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.

Тараптардың талаптары

Үкімге екі тарап та наразылық білдірді.

Руслан Берденов соттан істің ауырлатылған бап бойынша қаралуын және Жиембайды басқалардың өміріне қауіп төндіріп жасалған кісі өлтіруге оқталу (ҚК 24-бап 3-бөлім, 99-бап 2-бөлім, 2 және 6-тармақтар) бабы бойынша кінәлі деп тануды сұрады.

Ал сотталушы мен оның қорғаушылары, керісінше, жазаны жеңілдетіп, істі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (ҚК 106-бап 1-бөлім) бабына қайта саралап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінді.

Апелляциялық шешім

Істі қараған апелляциялық сот алқасы үкімді өзгертуге негіз тапқан жоқ.

«2025 жылғы 9 қазандағы қаулымен бірінші инстанцияның үкімі өзгеріссіз қалдырылды», – деп хабарлады Шымкент қалалық соты.

Осылайша үкім заңды күшіне енді.

Оқиға қалай болды

21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының маңында Руслан Берденовке оқ атылған. Шенеунік жараланып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер операцияны төрт сағат бойы жүргізген.

Күдікті Ернар Жиембай оқиға орнынан кейін ұсталып, оған ҚК 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіруге оқталу») бойынша айып тағылған.