«Тұлпар» тұрғын үй кешенінде өрттен зардап шеккен пәтерлердің 90%-ы жөнделді
Астанада қыркүйек айында өрт шыққан «Тұлпар» тұрғын үй кешенінде (Достық көшесі, 12/1) қалпына келтіру жұмысы аяқталуға жақын. Қала әкімдігі ресми хабарлама таратып, жағдайды толық түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта жөндеу жұмысының 90 пайызы орындалды, тұрғындардың көбі өз пәтерлеріне қайта қоныстанған. Зақымдалған пәтерлер мен ғимараттың қасбетін қалпына келтіру «Karima» кафесінің иелері есебінен жүргізіліп жатыр.
Өрт 18 қыркүйек күні таңғы сағат төрт шамасында ғимараттың бірінші қабатындағы «Karima» кафесінде шыққан. Жалын бірнеше пәтер мен кеңсе бөлмелерін зақымдаған.
Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбекұлының айтуынша, қалпына келтіру жұмысы оқиға болған сәттен кейін бірден басталған:
«Қазір 11 пәтердің жөндеуі толық аяқталып, тұрғындар қайта қоныстанды. Сонымен қатар екінші қабатта орналасқан кеңселердің жұмысы да қалпына келтірілді», – деді әкім.
Зардап шеккен бес пәтерде капиталды жөндеу жүргізілсе, қалғандарында әрлеу және қалпына келтіру жұмысы орындалған.
Қазіргі уақытта терезелерді орнату мен қасбетті қаптау жұмысының соңғы кезеңі жүріп жатыр. Қасбеттік жұмыстардың 90 пайызы аяқталған.
«Karima» кафесінің басшысы Сапарбай Төрекұлов та өз пікірін білдірді:
«Өрттен зардап шеккен тұрғындарға қажетті заттарды алып беріп, қаржылай көмек көрсетіп жатырмыз. Жөндеу жұмысы аяқталды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болды. Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін бар күшімізді саламыз», – деді ол.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада «Бәйтеректің» жанындағы кафе отқа оранып, бірнеше үй қоса өртеніп кеткені хабарланған болатын.