Жемқорлық үшін қызметінен қуылған ер адам Конституциялық сотқа шағымданды
Ол өзінің құқығының шектелуіне қатысты шағым түсірді

Қазақстанның Конституциялық соты жемқорлық қылмысы үшін жұмысынан босатылған азаматтың өтінішін қабылдады. Ер адам Еңбек кодексіндегі тиісті норма өзінің жұмыс істеу және мамандық таңдау құқығын шектейді деп санайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Конституциялық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Даулы норма квазимемлекеттік сектор ұйымының қызметкері жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу мүмкіндігін көздейді.
«Аталған негіз бойынша электровоз машинисі қызметінен босатылған. Өтініш беруші бұл ереже оның еңбек ету және қызмет пен мамандық түрін еркін таңдау жөніндегі конституциялық құқықтарын шектейді деп есептейді», – делінген Конституциялық соттың хабарламасында.
Өтініш иесінің пікірінше, заң тым кең қолданылады және жұмыстың сипатын ескермейді.
Тексеру барысы мен оның нәтижелері туралы ақпарат Конституциялық соттың ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланатын болады.