Ақша ұрлаған күдіктінің небәрі 24 жаста екені анықталды
Астанадағы кафелердің бірінде жұмыс істейтін кассир табыстың бір бөлігін жасырып, шамамен бір жыл бойы мекеменің ақшасын өз пайдасына аударып келген. Залал көлемі 10 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.
24 жастағы қызметкер тапсырыстарды тіркеу жүйесіндегі олқылықты пайдаланып, клиенттер ақысын төлеген тағамдарды сатылым тарихынан өшіріп отырған. Осылайша түскен ақшаны өзінің жеке есепшотына аударып келген.
«Тексеру барысында кассирдің бір жыл бойы есептік деректерге өзгеріс енгізіп, нақты сатылым көлемін жасырып келгені анықталды. Соның салдарынан кәсіпорынға 10 миллион теңгеден астам шығын келген», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Бұзушылық жоспарлы ревизия кезінде анықталған. Кәсіпорын басшылығы ірі көлемде ақша жетіспеушілігін байқаған соң ішкі тергеу жүргізіп, материалдарды полицияға тапсырған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Кәсіпкерлерге қаржы айналымын мұқият қадағалап, тұрақты түрде тексеріс жүргізуді ұсынамыз. Заманауи бақылау жүйелерін қолдану осындай заңбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті полиция.