Нұр-Сұлтанда күніне 600 адам пневмониямен ауырады

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Ұлттық ғылыми орталық базасында қосымша инфекциялық 200 төсек-орын ашылады.

Елордада күн сайын пневмония және коронавирус инфекциясымен күн сайын 350-400 адам ауруханаға жатқызылады. Бұл жөнінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті.

«Жұқпалы және провизорлық ауруханалардағы адамдар саны қазір 2500 адамға дейін өсіп отыр. Оның 91%-ының жағдайы орташа ауыр дәрежесінде. 9%-ы – ауыр және өте ауыр жағдайда. Олар жедел реанимация бөліміне бірден түседі. Соңғы аптамен салыстырғанда науқастар саны 3 есеге дейін өсті. Ағымдағы тәулікте жансақтау бөлімінде 103 адам жатыр. Оның 55-і коронавирус инфекциясын жұқтырса, 22-сі жасанды желдету аппаратында қосылған. Бүгінде тіркелген өлім саны – 38. Олардың 70%-ы – 60 жастан асқан кісілер. Пневмониямен ауыратын науқастар саны тәулігіне 600 жағдайға дейін өсті. Бұрын 80 жағдайға дейін болатын, яғни аптасына 8,5 есеге дейін жоғарылауы байқалып отыр», - деді С. Қисықова бүгінгі брифингте.

Орын жетіспей жатқандықтан жұқпалы және провизорлық ауруханалардағы төсек орындар саны 1351-ге дейін ұлғайтылған.

«Соңғы 3 күнде қосымша 830 орын ашылды. Бүгін Ұлттық ғылыми орталық базасында тағы инфекциялық 200 төсек-орын ашылады. Жалпы, қазір инфекциямен күреске 3135 төсек-орындық 12 денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылған. Бұл қаладағы барлық төсек орындарының 54%-ын құрайды. Қазір жұқпалы және провизорлық ауруханаларда жүктеме 79%-ды құрайды», - деп айтты басқарма басшысы.

Нұр-Сұлтан қаласында 3 546 адамнан коронавирус анықталған. Күн сайын 150 жағдай қосылып отырады. Оның 50%-ы – симптомсыз науқастар.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан