Ойын автоматтарын елге әкелу алты айға рұқсат тәртібімен жүзеге асырылады
Үкіметте өткен отырыста ел аумағына ойын автоматтарын әкелу қағидаларына қатысты шешім қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Мәселе Сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында қаралды. Жиынға вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етті.
Туризм және спорт министрлігінің бастамасымен ВАК ойын автоматтарын Қазақстан аумағына әкелуге рұқсат алу тәртібін енгізуді алты ай мерзімге мақұлдады.
«Ойын автоматтарын елге тек қана құмар ойын бизнесімен айналысуға мемлекеттік лицензиясы бар ұйымдар әкеле алады», — делінген ресми хабарламада.
Бұл лицензиялау механизмі заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру шеңберінде енгізіліп отыр.