Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің рейтингісінде Жапонияны басып озды – зерттеу

Автор: Мөлдір Қазыбай

Еліміз Жапония, Кувейт және Португалия елдерін артта қалдырды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан 2025 жылғы Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде (World Competitiveness Ranking) өз позициясын жақсартты. Бұл рейтингті жыл сайын Швейцариядағы Халықаралық басқару дамыту институты (IMD) әзірлейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy зерттеу нәтижелеріне сілтеме жасап.

Жаңа рейтингке сәйкес, Қазақстан 69 елдің ішінде 34-орынға тұрақтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір сатыға жоғарылағанын көрсетеді (2024 жылы – 35-орын).

Қай елдерді басып озды?

Қазақстан рейтингте Жапонияны (35-орын), Кувейтті (36) және Португалияны (37) басып озды. Бұл – еліміздің жаһандық деңгейдегі экономикалық бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Ал рейтинг көшбасында Швейцария тұр. Одан кейінгі орындарды Сингапур, Гонконг, Дания, Біріккен Араб Әмірліктері, Тайвань, Ирландия, Швеция, Қатар және Нидерланд елдері жайғасқан.

Бағалау критерийлері қандай?

IMD рейтингті елдерді келесі төрт негізгі бағыт бойынша бағалау арқылы жасайды:

  1. Экономикалық қызмет;
  2. Үкімет тиімділігі;
  3. Бизнес тиімділігі;
  4. Инфрақұрылым.

Қазақстан қай көрсеткіштер бойынша жақсарды?

Еліміз екі негізгі бағытта айтарлықтай дамыды:

  • Бизнес тиімділігі бойынша 28-орыннан 20-орынға көтерілді;
  • Инфрақұрылым бойынша 49-орыннан 44-орынға жоғарылады.

Бұл нәтижелер Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен іскерлік орта сапасының жақсара түскенін айғақтайды.