Абай облысында теріс ағымда жүргендер балаларын мектепке жібермеген – прокуратура
Абай облысында балалардың білім алу құқығы бұзылған

Абай облысында прокуратура теріс ағымда жүрген өңір тұрғындары балаларын мектепке жібермегенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Семей қаласының прокуратурасы «Отбасының цифрлық картасы» жобасы аясында төрт баланың мектепке бармай жүргенін анықтады.
Деструктивті діни көзқарастағы отбасы балалары мектепке бармаған
Тексеру кезінде 8 бен 13 жас аралығындағы үш баланың ата-анасының діни наным-сеніміне байланысты білім беру жүйесінен тыс қалғаны белгілі болды.
Прокуратураның араласуынан кейін балалар мектепке қабылданып, анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ уәкілетті органдардың лауазымды тұлғаларына тәртіптік жаза қолданылды.
Психикалық дамуы тежелген бала білімнен шет қалған
Тағы бір жағдайда 9 жастағы баланың психикалық дамуы тежелгенімен, оған мүгедектік берілмеген. Соның салдарынан ол мектепте де, арнайы білім беру ұйымдарында да оқымаған.
Прокуратураның бастамасымен бала медициналық тексеруден өтіп, оқу бағытын анықтау шаралары жүргізілді. Оның заңды өкілі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бақылау күшейеді
Семей қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың білім алу құқығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастырып жатыр.