Абай облысында тасжолға шығып кеткен бұлан жол апаты мен орман өртіне себеп болды (ВИДЕО)
Жүк көлігі өртеніп, жалын маңайындағы орманға тарап кеткен

Абай облысына қарасты Жыланды ауылында ірі жол апаты болды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға туралы ақпарат zello_semey Instagram парақшасында жарияланды. Белгілі болғандай, Nissan Cefiro маркалы жеңіл көлік жолға кенеттен шыққан бұланды қағып кеткен. Осы сәттен кейін апатқа жүк көлігі де ұшыраған.
Салдарынан жүк көлігі аударылып, өртеніп кеткен. От жақын маңдағы орман алқабына таралып, жоғары деңгейлі өртке ұласқан. Қазір өрттің айналадағы аумақтарға таралу қаупі бар.
«Оқиға орнында өрт сөндіру қызметі жұмыс істеп жатыр. Өртті сөндіру бойынша шұғыл шаралар жүргізілуде. Жүргізушілерге қала сыртындағы жолдарда, әсіресе түнгі уақытта аса сақ болуды және жолға жабайы жануарлардың кенеттен шығуы мүмкін екенін ескеруді сұраймыз», – делінген хабарламада.