Қарағандыда үлескерлердің ақшасын иемденіп, құрылысты бастамаған кәсіпкерге сот үкімі шықты
Қарағандыда 50-ден астам адамды алдап, баспанасыз қалдырған компания басшысы небәрі 6,8 жылға ғана сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу деректеріне сәйкес, кәсіпкер құрылыс жүргізуге рұқсат алмай тұрып, 51 азаматтан тұрғын үй кешенін салуға деп ақша жинаған.
«Алтын» атты тұрғын үй кешенінің құрылысы ешқашан басталмаған, нәтижесінде үлескерлерге келтірілген залал көлемі 800 миллион теңгеден асқан.
Айыпталушы бұдан бөлек бес азаматтан пәтер сату желеуімен ақша алып, тұрғын үйді де, ақшаны да қайтармаған.
Сонымен қатар, жаңа инвестициялық жобаға қаржы салу уәдесімен 1 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденгені анықталды.
Тергеу мәліметінше, ер адам 2020 жылдан бастап Қарағандының оңтүстік-шығысында бірнеше тұрғын үй тұрғызумен айналысқан компанияны басқарған.
Алайда 2022 жылы ол заңсыз түрде жаңа тұрғын үй кешенін сала бастаған, кейін бұл нысан сот шешімімен бұзылған.
Кәсіпкер уәдесінде тұрмай, үлескерлерге пәтер бермеген, ақшаларын да қайтармаған.
Прокуратура айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот оның кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, жазаны 6 жыл 8 айға дейін қысқартты.
Сондай-ақ сот жәбірленушілердің шығынын өтеу міндетін жүктеді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.