Бағдарлама 140 мың жасөспірімді қамтиды
БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілдігі Алматыда алғашқы «Шексіз армандар» атты қайырымдылық UNICEF Gala кешінің бағдарламасы мен тұжырымдамасын ресми түрде таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылғы 28 қарашада өтетін бұл кеш жасөспірімдердің менталды (психикалық) денсаулығын нығайтуға арналған ұлттық бағдарламаны қаржыландыру үшін бизнес, мәдениет және медиа көшбасшыларының басын қосады.
Кештің негізгі мақсаты — жасөспірімдерді қолдаудың кешенді жүйесінің ауқымын кеңейтуді қамтамасыз ету. Толық іске қосылған кезде бағдарлама 50 500 маманды оқытып, бүкіл ел бойынша 140 000 жасөспірімді қамтуға есептелген; күрделі қажеттіліктері бар 10 000-ға дейінгі жасөспірім жедел мамандандырылған қолдау алады.
Былтыр Астанада өткен ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық кешінде 92 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Бұл қаражат цифрлық инклюзия бағдарламасына бағытталып, нақты жабдықтарды жеткізуге және мамандарды оқытуға жұмсалды.
Осы қаражатқа ЮНИСЕФ Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы мектептерге планшеттер, ноутбуктер, бейімделгіш функциялары бар смартфондар, Брайль дисплейлері, арнайы пернетақталар, баламалы коммуникация қосымшаларына лицензиялар және басқа да құрылғылар жеткізді, сондай-ақ мыңнан астам педагог пен ассистентті даярлаудан өткізді.
«Алматы бүгін ЮНИСЕФ-тің гала-кештерін өткізудің жаһандық дәстүріне ресми түрде қосылып отыр. Бұл қауымдастықтың қолдауға мұқтаж жандар үшін бас қосатын «жылу жинау» дәстүрінің заманауи көрінісі. Біздің мақсатымыз ешбір баланың немесе жасөспірімнің арманы жалғыздық пен қолдаудың жоқтығынан үзілмеуі», - деп мәлімдеді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Рашед Мустафа.
БҰҰ-ның балалар істері жөніндегі агенттігі әлемнің 190-нан астам елі мен аумағында әрбір баланың құқығын қорғау үшін жұмыс істейді.