Жуырда ғана президент осы жолға қатысты тапсырма берген болатын
Қостанай облысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыс әкімі Құмар Ақсақалов, мердігер ұйымдар мен жобалаушы инженерлердің қатысуымен республикалық маңызы бар «Астана – Ырғыз» автомобиль жолының құрылысына арналған жиын өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖол» компаниясына сілтеме жасай отырып.
Бұл жолды Көлік министрлігі, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы және Қостанай облысының әкімдігі бірлесіп салып жатыр.
Жоба бойынша ұзындығы 890 шақырым болатын «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағытындағы автожолды салу және қайта жаңарту жоспарланған. Бұл бастама Транскаспий халықаралық көлік маршрутына (ТМТМ) шығуды қамтамасыз етіп, Қазақстанның орталық және батыс өңірлері арасындағы көлік қатынасын нығайтады.
Мамандардың айтуынша, жаңа жол елдің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық тасымалдаудағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Сонымен қатар, ол Қорғастан Ақтау теңіз портына дейінгі маңызды бағыттың бір бөлігіне айналып, елдің «оңтүстік қақпасын» жалғайтын стратегиялық артерия болмақ.
Жоба іске асқанда Астана мен Ырғыз арасындағы қашықтық 573 шақырымға қысқарады. Бұл тасымал уақыты мен шығынын азайтып, жүк жеткізу тиімділігін арттырады. Құрылыс және пайдалану кезеңдерінде жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
«Астана – Ырғыз автожолының құрылысы – бұл жай ғана көлік жобасы емес. Бұл өңірлердің орнықты дамуының, Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтудың және еліміздің халықаралық логистикалық рөлін арттырудың негізі», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.