Астанада мас ер адам балалар кафеcін қиратып кетті (ВИДЕО)
Оқиға 5 қазанда күндізгі уақытта болды

Астанада мас ер адам балаларға арналған кафеде тәртіп бұзып, мекеменің ішін қиратып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 5 қазан күні болды. Кафенің иесі Ваня Дулин әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаның мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, белгісіз ер адам мас күйінде есікті сындыруға тырысып, ішке кіруге ұмтылған.
«Мас адам есікті бұзбақ болып, ішке кіруге тырысты. Бірақ ол ойы іске аспаған соң айналасындағының бәрін қиратып тастады. Балаларға арналған аэрохоккейді сындырып, электр қалқанын жұлып, есікті бүлдіріп кетті», — деп жазды кәсіпкер.
Кафе тоғыз жылдан бері елордада, Триумф аркасының маңында жұмыс істейді. Ваня Дулиннің айтуынша, бұл орын көптеген отбасының сүйікті мекеніне айналған, сондықтан бұл жағдай оған ауыр тиген.
«Бұл жер менің екінші үйім сияқты. Мұнда күн сайын балалар ойнап, күліп жүреді. Ал енді бәрін қирап қалды», — деді ол.
Кәсіпкер кінәліні табуға көмек сұрайды
Алдын ала есеп бойынша, келтірілген залалдың мөлшері – шамамен 300 мың теңге. Куәгерлердің айтуынша, ер адам өте ашулы болып, полиция келгенге дейін оқиға орнынан қашып кеткен.
Кафе иесі кінәліні анықтау үшін астаналықтардан көмек сұрады.
«Егер біреу бір нәрсе көрсе, хабар беріңіздер. Репост жасап, ақпаратты таратыңыздар. Мұндай әрекеттер жазасыз қалмауы керек», — деді ол.
Azattyq Rýhy редакциясы оқиға бойынша түсініктеме алу үшін Астана қалалық полиция департаментіне жүгінді. Алайда жарияланым сәтінде нақты ақпарат түспеген.