$ 547.57  642.63  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Эпилепсия белгілері анықталды: Ақтауда балабақшадағы бүлдіршіннің жарақаты жұртты шошытты

Ақтауда балабақшада соққыға жығылған бір жарым жастағы қыздың анасы тергеудің әділ өтуін талап етті

Эпилепсия белгілері анықталды: Ақтауда балабақшадағы бүлдіршіннің жарақаты жұртты шошытты
Фото: Lada.kz

Ақтаудағы жеке балабақшада бір жарым жасар бүлдіршін – Әсия Сұлтанбай аяусыз соққыға жығылған. Ал іс бойынша қозғалған қылмыстық істің тергеуіне баланың анасы Камила Қабиева наразылық білдірді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, қоғамда кең резонанс тудырған оқиғадан кейін балабақша тәрбиешісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында сот-медициналық сараптама тағайындалғанымен, оның қорытындысында «баланың денесінде тек екі сызат бар, денсаулығына зиян келмеген» деп көрсетілген.

«Бұл шындыққа мүлде сәйкес келмейді. Оқиғадан кейін бірден түсірілген суреттерде көптеген жарақаттар, көгерген және ісінген жерлер анық көрінеді. Біз бірнеше дәрігерге қаралдық – балама жабық бас-ми жарақаты, психикалық бұзылыс, көздің ісінуі және бас сүйегіндегі соққы салдарынан пайда болған гематома диагноздары қойылды. ЭЭГ нәтижесінде жарақаттан кейінгі эпилепсия белгілері анықталды. Невропатолог баламды жүйке жүйесі ауруы бойынша есепке алды», — деді Камила Қабиева.

Оның айтуынша, бұл деректер сараптамаға берілгенімен, қорытындыда ескерілмеген.

«Менің заңды өкілім ретіндегі құқығым бұзылды»

Камила Қабиева сараптама нәтижесіне ресми түрде келіспейтінін мәлімдеп, қайта тексеру жүргізуді сұраған. Алайда полиция қызметкерлері бас тартқан.

«Маған қайта сараптама тек сот арқылы ғана тағайындалатынын айтты. Сонымен қатар, олар менің рұқсатымсыз күйеуіммен сөйлескен, ал ресми құжаттарда мен баланың заңды қамқоршысымын. Кейін маған істі «қате баппен қозғалған» деген сылтаумен жапқалы жатқанын хабарлады. Бірақ тергеу аяқталып, тараптар материалдармен танысып қойған. Маған істі азаматтық сотқа ауыстыруды ұсынды, бірақ бұл жерде баламның денсаулығына зиян келтірілді, сондықтан мәселе қылмыстық сипатта», — деді ол.

Қабиева тәрбиеші мен балабақшадағы күтуші әлі де жұмыс істеп жүргенін айтып, бұл жағдайға қатаң баға беруді сұрады.

Полиция істің қаралып жатқанын хабарлады

Камила Қабиеваның айтуынша, тергеу толық көлемде жүргізілмей отыр, ал сот-медициналық сараптама баланың нақты жағдайын көрсетпеген.

«Менің заңды өкілім ретіндегі құқығым толық ескерілмей отыр. Оның үстіне істі жаптыруға бағытталған қысым бар», — деді ол.

Ал Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл іс қаралу кезеңінде екенін және тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.

«Тергеу аяқталған соң кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады», — делінген ведомствоның хабарламасында.

Оқиға қалай болған

Айта кетейік, бұған дейін Камила Қабиева әлеуметтік желіде мәлімдегендей, оның бір жарым жасар Ақтауың 14-шағынауданындағы жеке балабақшаға барып жүрген. 5 тамыз күні балабақшадағы күн қорқынышты жағдаймен аяқталған: шамамен 40 минут бойы басқа бала Әсияны ұрып, тұншықтырып, тістеген, ал тәрбиеші мен күтуші сол сәтте бөлмеде болмаған.

Серіктес жаңалықтары