Қатты боран альпинистердің жолын бөгеп тастады
Эверестің шығыс беткейінде болған қарлы боран салдарынан мыңға жуық адам тауда қалып қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Саньсян душибао» басылымына сілтеме жасап.
Сенбі күні тауда соңғы бірнеше жылдағы ең күшті боран соғып, көріну қашықтығы бір метрден де азайған. Мұз бен қарлы жолдар салдарынан альпинистер базалық лагерьден шыға алмай қалған. Кей тұстарда қар туристік шатырларды толық басып қалған, ал жүк тасыған якилер (таудағы өгіздер) қалың қардан қозғала алмаған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, бүкіл бағыт бойында шамамен мыңға жуық адам қар құрсауында қалуы мүмкін. Кейбірі өз бетімен төмен түсіп үлгергенімен, басым бөлігіне көмек қажет», — делінген хабарламада.
Қарлы бораннан кейін Эверестің ландшафтық саябағы уақытша жабылды, билет сату тоқтатылды. Оқиға орнына жергілікті құтқарушылар, ауыл тұрғындары және кәсіби гидтер жіберілді. Алайда байланыс үзіліп, қалың қар жауғандықтан эвакуация жұмысы қиындаған.
Ақпарат көзінің мәліметінше, базалық лагерь теңіз деңгейінен 4900 метр биіктікте орналасқан. Қар құрсауында қалған альпинистер құтқарушыларға хабар беріп үлгерген. Олардың айтуынша, тауда әлі де шамамен мыңға тарта адам бар, кейбірі үсік шалып, ауыр халде жатыр.
Жергілікті билік алдағы уақытта бұл аймаққа баруды жоспарлаған туристер мен альпинистерге сапарларын кейінге қалдыруды және ресми хабарламаларды мұқият қадағалауды ескертті.
Эверест – Гималай тау жүйесінің бөлігі. Ол Қытай мен Непал шекарасында орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 8848,86 метр, оған алғашқы турист 1953 жылы шыққан.