Алматыда үшінші қабаттан секіріп кеткен сарбаздың жағдайы белгілі болды
Дәрігерлер жас жігіттің өміріне қауіп жоқ екенін хабарлады

Алматыда 4 қазан күні әскери борышын өтеп жүрген сарбаз ғимараттың үшінші қабатынан секіріп кеткен. Оқиғадан кейін ол жедел түрде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарбаздың қазіргі жағдайы
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2007 жылы туған сарбаз биіктіктен құлағаннан кейін Алматы қалалық шұғыл жәрдем ауруханасына түскен.
«Науқасқа биіктіктен құлау жарақаты диагнозы қойылды. Ол мультидисциплинарлық дәрігерлер тобының тексеруінен өтті, қажетті клиникалық зерттеулер толық көлемде жүргізілді. Жалпы жағдайы орташа ауыр» – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазір сарбаз профильдік бөлімшеде ем қабылдап жатыр. Емдеу процесі Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика және емдеу хаттамасына сай жүргізілуде.
Психологиялық себептер мен тексеру нәтижелері
Бұған дейін Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы хабарлағандай, сарбазда «бейімделу бұзылысы» анықталған. Ол әскерге дейін жақын туысынан айырылған, сол себепті әскери-дәрігерлік комиссияның шешімін күтіп жүрген.
Оқиға кезінде бейнебақылау жазбаларынан бөтен адамның қатысы болмағаны белгілі болды.
Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, барлық мән-жай анықталуда.