$ 547.57  642.63  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Әжетханаға апарып тастаған»: Ақмола облысында жантүршігерлік қылмыс ашылды

Ақмола облысында ДНҚ талдауы 23 жыл бұрынғы кісі өлімін ашуға көмектесті

Ақмола облысында криминалдық полиция қызметкерлері ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбектің арқасында 2002 жылдың 4 қазанында жасалған ауыр қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

23 жыл бұрынғы қылмыстың құрбаны – 1973 жылы туған Ақкөл қаласының тұрғыны. Ол кешкі уақытта көшеде бейтаныс адаммен жолығып, сол күйі үйіне оралмаған. Келесі күні әйелдің денесі жергілікті стадион маңындағы қоғамдық дәретханадан табылды.

«Марқұмның денесінде көптеген жарақат болған. Оқиға кезінде жедел-іздестіру шаралары шұғыл түрде жүргізіліп, күдіктінің биологиялық материалы алынғанымен, ол кезде қылмыскердің жеке басын анықтау мүмкін болмаған еді. Қатыгез қылмыс осылайша ұзақ уақыт ашылмай қалды», - дейді полицейлер.

Арада жылдар өтсе де, жедел уәкілдер қылмыстық істі қайта-қайта қарап, дәлелдемелерді жіті зерттеуді тоқтатпады. Заманауи молекулалық-генетикалық сараптаманың көмегімен күдіктінің ДНҚ-профилі анықталып, жаңа деректерге қол жеткізілді.

«2025 жылдың 2 қазанында ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті мен Ақмола облысы прокуратурасының үйлестіруімен полицейлер арнайы операция жүргізіп, кісі өлтіруге қатысы бар деген күдікпен 60 жастағы Ақкөл қаласының тұрғынын ұстады», - деп жазылған хабарламада.

Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полицейлердің айтуынша, бұл істің ашылуы – «ешбір қылмыс жазасыз қалмайды» деген қағидаттың айқын дәлелі. Жедел уәкілдер алдағы уақытта да өткен жылдардағы ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.

 

Серіктес жаңалықтары