Мектеп асханасына қатысты шуға СЭС түсініктеме берді
Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Гүлнәр Кәрімова мектеп асханасына байланысты резонанстық жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттің білім беру және тәрбиелеу нысандарын бақылау бөлімінің басшысы Гүлнәр Кәрімованың айтуынша, ата-аналардан балаларды «бұзылған тағамдармен тамақтандырған» деген шағым түскеннен кейін жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырылған.
«Нәтижесінде кәсіпкерге айыппұл салынып, нұсқама берілді. Сондай-ақ жеке кәсіпкер мен мектеп арасындағы келісімшарт бұзылды. Бұған қоса, жоспарлы тексеріс барысында санитарлық нормалардың белгілі бір бұзушылықтары анықталды. Бірақ балаларды шынымен де 'қалған тамақпен тамақтандырды' деген факт расталмады», – деді спикер.
Гүлнәр Кәрімованың сөзінше, қазіргі уақытта аталған компания бұл мектепте жұмыс істемейді.
Айта кетейік, осыған дейін мектеп асханасындағы жағдай елді шошытқаны хабарланған болатын.