Абай облысында ер адам сүйген қызымен кездесуге барамын деп түрмеден бір-ақ шықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оның бұрын сотталғаны белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Абай облысында сүйіктісімен кездесуге барған ер адам түрмеден бір-ақ шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР ІІМ мәліметінше, Абай облысының 31 жастағы тұрғыны өткен жылдары ұялы телефондар мен смарт-сағаттарды ұрлағаны үшін сотталған.

Сол кезде оған 3 жыл 5 айға бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, жыл сайын 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тарту міндеттелген.

Пробациялық бақылауды бұзу

Сотталған азамат пробация қызметінің есебінде тұрғанымен, жүктелген міндеттерді жүйелі түрде бұзып келген.

  • Қоғамдық жерде алкогольдік ішімдік ішкен,
  • Рұқсатсыз тұрғылықты жерінен кеткен.

Бұған қоса, ол қызбен кездесу үшін электронды білезігін шешіп, белгісіз жерге қалдырып, басқа қалаға кеткен.

Сот шешімі

Пробация ережесін өрескел бұзғаны үшін сот оның жазасын қайта қарады. Нәтижесінде, шектеу жазасы 1 жыл 1 ай мерзімге нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Сотталушы өзі де кінәсін мойындап, қателігін түсінгенін жеткізді:

«Пробацияда жүрген кезде бостандықтың қадірін білмедім. Ескертулерге қарамастан, достарыммен арақ ішіп жүрдім. Кейін қызбен танысып, оған бақылауда екенімді айтпадым. Ол кездесуге шақырғанда, білезікті шешіп, қалаға кеттім. Енді түсіндім – менің жауапсыздығым бостандығымнан айырды», – деді ол.