ШҚО-да есірткі жарнамасын жасағандарға қарсы шара: 8 қылмыстық іс қозғалды
Аулаларды аралау барысында 50-ден астам есірткі граффитилері табылды

Өскемен қаласында қоғамда «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайту мақсатында есірткі сататын онлайн-дүкендердің жарнамасы мен «қоймашы болып жұмыс істеу» туралы ұсыныстар жазылған жазуларға қарсы кең ауқымды акция өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Акцияға қала прокуратурасы, полиция, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері мен жастар қозғалысының белсенділерінен құралған 100-ге жуық адам қатысты.
50-ден астам жазу анықталды
Тұрғын үй аулаларын аралау барысында 50-ден астам есірткі граффитилері табылды. Рейд нәтижесінде ҚР ҚК-нің 299-1-бабы («Есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау») бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды.
Қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет
Прокуратура мұндай жазулардың жай ғана «бейқам әрекет» емес екенін ескертеді. Бұл – қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет, ауыр жазаға, тіпті бас бостандығынан айыруға себеп болуы мүмкін.
Тұрғындарға үндеу
Облыс прокуратурасы тұрғындарды мұқият болуға шақырады: егер күмәнді жазуларды байқасаңыздар, дереу полицияға хабар беріңіздер. Бұл – жастардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, қаланың қауіпсіздігін күшейтуге әрқайсымыз қосқан үлес.