Жүргізуші қарсы бағытқа шығып кеткен
2025 жылдың маусым айында Жамбыл облысының Байзақ ауданында ірі жол апаты тіркелді. «Youtong» маркалы автобусты жүргізген Р. есімді азамат Алматы-Шымкент автожолында жол қозғалысы ережесін бұзып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан ол «ВАЗ-21015» автокөлігімен соқтығысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жол-көлік оқиғасы орнында «ВАЗ-21015» көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы көз жұмды. Ал автобус жүргізушісі Р. әртүрлі жарақат алып, Байзақ аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.
Сот барысында айыпталушының кінәсі тараптардың айғақтары, сарапшылардың қорытындысы және өзге де іс материалдары арқылы дәлелденді.
Прокурор Р.-ға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші тараптың бірі орташа жаза беруді өтінсе, екінші тарап қатаң жаза тағайындауды талап етті.
Айыпталушы Р. өз кінәсін толық мойындады.
Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігіне сәйкес, кінәлі адамға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот Р.-ның кәмелетке толмаған балаларының барын, жағымды мінездемесін, шын жүректен өкінгенін және қылмысты алғаш рет кездейсоқ жағдайда жасағанын ескеріп, жеңіл жағдай ретінде қабылдады.
Сот үкімімен Р. 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылу жазасы тағайындалды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.