«Ақша тігеді, балағаттайды»: Зерендідегі Мәдениет үйінің уақытша басшысына қатысты тексеріс басталды (ВИДЕО)
Мәдениет үйі ресми мәлімдеме жасаған

Зеренді ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Мәдениет үйінің уақытша басшысы Азамат Темірғалиевтің балағат сөз айтып жатқан аудиосы тарап, бас дауға қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның жұмыс уақытында қызметкерлерімен бірге ақшаға карта ойнайтыны, мәдениет мекемесінің директоры ретінде қызметтік міндеттерін орындаудың орнына, ойын-сауыққа әуестенетіні туралы шағым түскен.
Мәдениет саласының қызметкерлері Темірғалиевтің ұжымда этиканы сақтамайтынын, қызметкерлермен дөрекі сөйлесіп, бейәдеп сөздер қолданатынын жеткізген. Соның салдарынан мекемеде кадрлардың тұрақсыздығы байқалған: кейбір қызметкерлер жұмыстан кетуге мәжбүр болған.
Ұжым бөлініп, «өз адамдары» еңбек тәртібін бұзған жағдайда жазасыз қалса, басшыға жақпаған «басқа қызметкерлер» заң бойынша қатаң жазаланады деген айыптаулар да бар.
Әлеуметтік желідегі бұл жазбаға қатысты Зерендінің мәдениет үйі ресми мәлімдеме жасаған.
«Қазір Зеренді аудандық Мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы Азамат Темірғалиев қызметінен уақытша шеттетілді. Аталған деректер бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр. Тексеру аясында мекеме қызметкерлерінің барлығы сұхбаттасудан өтеді. Тергеу қорытындысы бойынша осы айтылған мәліметтердің шындыққа сәйкестігі немесе сәйкес еместігі анықталады. Тексеру нәтижесіне сәйкес қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады», - деп жазған олар.