Ақтөбе облысында бір топ жас жігіт жергілікті тұрғынды бопсалап, ақша алып келген
Жәбірленушіден жүйелі түрде ақша талап еткен

Ақтөбе облысында жас жігіттер бопсалау күдігімен ұсталды. Олар екі жыл бойы жергілікті тұрғынды қорқытып, ақша алып келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, арнайы жасақ сарбаздарының қатысуымен жедел ақпаратты жүзеге асыру барысында күдіктілерді қолға түсірген.
Қорқыту мен қысым арқылы несие алдырған
«Белгілі болғандай, ұсталғандар екі жыл бойы жәбірленушіден жүйелі түрде ақша бопсалаған. Қорқытып-үркіту және психологиялық қысым көрсету арқылы оны әртүрлі қаржы ұйымдарынан микрокредит рәсімдеуге мәжбүрлеген. Жәбірленушінің жалпы шығыны 900 мың теңгені құрады», – деп хабарлады ІІМ.
Күдіктілерден қару-жарақ пен құрылғылар тәркіленді
Тінту кезінде күдіктілердің бірінің Mercedes автокөлігінен үш оқжатарымен бірге пневматикалық автомат, жиналмалы пышақ және ұялы байланыс сигналын бұғаттайтын құрылғы – глушилка табылып, тәркіленді.
Барлық заттар айғақ ретінде қылмыстық іске тіркелді. Аталған дерек бойынша бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция үндеуі
Полицейлер азаматтарды кез келген қысым, қорқыту немесе бопсалау фактілері жөнінде, әсіресе қылмыстық ортаға қатысы бар адамдар тарапынан жасалған жағдайда, дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.