QazSport «Қайрат» пен «Реал Мадрид» матчы кезінде трансляция неліктен жиі үзілгенін түсіндірді
«Қазақстан» РТРК трансляцияға дайындық барысында барлық қажетті шара жасалғанын атап өтті

«Қайрат» пен «Реал Мадрид» футбол клубтарының ойынының онлайн-көрсетілімі кезінде техникалық ақаулар болып, трансляция жиі үзіліп отырды. Көрермендер жаппай шағымданғанымен, эфирді тұрақтандыру мүмкін болмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан» РТРК трансляцияға дайындық барысында барлық қажетті шара жасалғанын атап өтті.
«Матч басталғанға дейін барлық техникалық жұмыс жүргізілді. Серверлердің қуаты қалыпты жүктемемен салыстырғанда үш есеге арттырылды, бейнеағын жеткізу жүйесі оңтайландырылды. Алайда трансляция басталған сәттен-ақ туындаған проблеманы жедел шешуге тырысқанымызбен, интернет желісіндегі сыртқы ақауларға байланысты онлайн-көрсетілімді тұрақтандыру мүмкін болмады», – делінген корпорация хабарламасында.
Қазір бұл жағдайға қатысты жан-жақты техникалық талдау жүргізілуде.
«Корпорация көрермендерден келтірілген қолайсыздықтар үшін шын жүректен кешірім сұрайды», – деп қосты «Қазақстан» РТРК.