Қостанайда жылқышы тасжолдың үстінен малын айдап өтемін деп жол апатына себеп болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Олардың ісі сотта қаралды

Фото: freepik.com/ЖИ арқылы жасалды

Қостанай қалалық соты жол-көлік оқиғасына байланысты азаматтық істі қарады. Іс материалдарына сәйкес, биылғы шілде айында Майкөл ауылы маңында ер адам жылқыларды қараңғы уақытта арнайы белгіленбеген жерден автожол арқылы айдап өткен. Нәтижесінде көлік жүргізушісінің автокөлігі жылқымен соқтығысып, 1 327 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотқа жүгіну

Көлік иесі сотқа шағым түсіріп, келтірілген шығынды өндіруді талап етті. Ол жауапкердің салақтығы мен немқұрайдылығы салдарынан жолда қауіпті жағдай туындап, малдың қатысуымен жол апаты болғанын алға тартты.

Жылқы иесінің кінәсі әкімшілік іс аясында дәлелденіп, ол жауапкершілікке тартылған. Сот барысында да ол шығынды мойындаған.

Шешім

Сот «зиянды өтеу міндеті – қауіптілігі жоғары көзге иелік етуші азаматқа жүктеледі» деп атап өтті.

Осыған байланысты көлік иесінің талабы толық қанағаттандырылып, жауапкерден 1,6 млн теңге өндірілетін болды. Бұл сомаға материалдық шығын мен сот шығындары кіреді.

Шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.