$ 549.06  644.87  6.66
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл облысында әйел адам туыстарының атына 22 млн теңге несие алған

Ол алаяқтық ісі үшін сотталып тынды

Жамбыл облысында әйел адам туыстарының атына 22 млн теңге несие алған
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында сот әйел адамды бірнеше рет ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бас бостандығынан айырды. Алайда жазаны өтеу үш жылға кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Меркі аудандық сотының мәліметінше, өткен жылы сотталушы мобильді қосымшалар арқылы өз туыстары мен таныстарының атына несие рәсімдеген. Ол үшін жәбірленушілердің жеке деректерін және суреттерін алдап алған.

Бес жәбірленушіге келтірілген жалпы материалдық шығын 22 млн теңгеден асты. Қаражаттың бір бөлігі «үлес» ретінде қайтарылғанымен, қалған бөлігі жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

«Кінәсі тараптардың айғақтарымен, беттестіру хаттамаларымен, банктік несиелер рәсімделгенін растайтын құжаттармен және банктік үзінділермен дәлелденді. Сотталушы өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді. Кейбір жәбірленушілер азаматтық талаптарынан бас тартып, кешірім берген», — делінген соттың хабарламасында.

ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі (ірі көлемде бірнеше рет жасалған алаяқтық) 2-3 еселенген мүліктік айыппұлды немесе 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Сот кәмелетке толмаған балаларының барын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

«Сот үкімімен ол ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 1, 4-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. «Рақымшылық туралы» заңды қолдану арқылы жаза 1/3-ке қысқартылып, ақырғы үкім бойынша 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген сот хабарламасында.

Екі кішкентай баласының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 3 жылға шегерілді.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, әйелден 14,3 млн теңге өндіру туралы шешім шығарылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары