Құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын айналасындағы үйлерге зиянын тигізіп отыр
Маңғыстау облысының Шетпе ауылының тұрғыны үйлерге қарай тарайтын шаңға байланысты табиғатты қорғау прокуратурасына шағымданды. Алайда кінәлі тарап тек шағын айыппұлмен құтылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облысы экология департаментінің мәліметінше, Шетпе ауылының тұрғыны 2025 жылғы 23 қыркүйекте мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасына өтініш жолдап, құрылыс материалын өндіретін кәсіпорын жұмысы салдарынан тұрғын үйлерге қарай шаң тарайтынын айтқан.
«Тексеру барысында Шетпе ауылы маңында «Карьер Тау» ЖШС жұмыс істеген кезде шаңдану фактісі тіркелді. Қызмет экологиялық рұқсат №KZ43VCZ00543011 негізінде жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарға өндірістік аймақ пен жолдарды ылғалдандыру арқылы шаң басу шаралары кіреді. Алайда тексеру нәтижесінде серіктестіктің бұл талаптарды орындамағаны анықталды. Жер пайдаланушы экологиялық рұқсат талаптарын орындамағаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 326-бабы 1-бөлігі) 50 АЕК көлемінде (196 600 теңге) айыппұл төледі», – деп хабарлады Маңғыстау облысы экология департаменті.