«Еркекше сөйлескім келді»: Димаш Құдайберген «Борат» рөлін сомдаған актерді іздемек болған (ВИДЕО)

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол сұхбаттарының бірінде актерді іздеу үшін таныстарын салғанын айтты

Фото: Видеодан скрин

Белгілі әнші Димаш Құдайберген атышулы «Борат» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Саша Барон Коэннің қитұрқы әрекеті жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол жүргізуші Айдос Жұмағұловқа берген сұхбатында айтышулы фильмнің басты рөлін сомдаған актермен кездесіп, сөйлескісі келгенін айтты.

«Ең алдымен, ол адам көңіл аударып, тіпті ол туралы сөз қозғаудың өзі артық екенін айтқым келеді. Моральды жағынан ол адам оған лайық та емес. Ол бүтін бір елді, ұлтты қорлады. Біздің аналарымызға, әпке-бауырларымызға, балаларымызға тіл тигізді.

Шыны керек, бір кездері шетелдегі барлық танысымды салып, ол адамды тапқым келді. Киноиндустрия саласындағы таныстарыма шықтым. Менеджеріме ол адамды табуға көмектесуін өтіндім. Онымен еркекше сөйлескім келді», - дейді Димаш.

Ол сөзін жалғай отырып, сол кездегі әрекеті жайлы жұрттың қандай ойда болғанын да тілге тиек етіп өтті.

«Ол әрекетім қаншалықты жақсы көрінгенін білмеймін. Бәлкім осы ісім арқылы ол адаммен бір қатарға тұрды деп ойлағандар болуы мүмкін. Мүмкін, қолдағандар да болды. Бірақ сол уақытта телефон арқылы ол адамға хабарласып, кем дегенде сөйлескім келді. Ал қазір білмеймін», - деп отандасымыз ойын жеткізді.