Оқиға Сандықтау ауданына қарасты Балкашино ауылында болды
Ақмола облысындағы ауылдардың бірінде Қызыл кітапқа енген сирек жабайы аңның төлі жеке үйдің ауласынан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік ТЖД мәліметінше, бұл ерекше оқиға Сандықтау ауданына қарасты Балкашино ауылында болған.
«Ауыл орталығына, жеке үйлердің бірінің ауласы мен отын қорасына жабайы сілеусін кіріп кеткен. Бұл – өңір үшін өте сирек кездесетін жағдай. Оқиға орнына құтқарушылар, полицейлер шақыртылды. Жануарға ешқандай зиян келтірмей ұстап алды. Кейін белгілі болғандай, бұл әлі бір жасқа толмаған сілеусіннің бөлтірігі екен», – делінген ТЖД хабарламасында.
Сонымен бірге жыртқыштың ауыл ортасына қалай келгені және енесінің қайда екені әзірге белгісіз.
«Ол ойламаған жерден кіріп кетті. Әрине, бастапқыда абдырап қалдық, өйткені үйде кішкентай балаларымыз бар. Ешнәрсеге тиген жоқ. Тек мысықтармен ғана арпалысты», – дейді оқиға куәгері.
ТЖД дерегінше, сілеусіннің бөлтірігі әзірге тым әлсіз болғандықтан, оны аңшылық шаруашылығына әлдендіру үшін алып кетті. Ол толық жетіліп, күшейген соң, шамамен қыс немесе көктем айларында қайтадан табиғи ортаға жіберіледі.