Әлемнің ең үздік теннисшісі Новак Джокович коронавирус жұқтырып алды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол спортшылардың коронавирусқа қарсы міндетті вакцина алуына қарсы

Серб теннисшісі – әлемнің №1 ракеткасы Новак Джокович өзінің коронавирус жұқтырып алғанын айтты, деп жазады Associated Press.

Спортшының коронавирусқа тапсырған ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен. Джокович өзінің вирус жұқтырғанын Adria Tour турнирінде жүргенде білген.

Теннисші өзінде аурудың симптомдары жоқ екені, өзін жақсы сезінетінін мәлімдеді. Ол жарыс кезінде екінші рет тест тапсырудан бас тартып, Сербияға келгенде бүкіл командасымен тексерілуге уәде берді.

Еске салайық, биыл сәуір айында Джокович спортшылардың коронавирусқа қарсы жаппай вакцина алуына қарсылық білдірген болатын. Егер теннисшілерді осылай міндеттесе, ол үлкен спорттан кететінін де айтып қалған еді.

Новак Джокович ATP рейтингінің көшін бастап келеді. Ол «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерді 17 мәрте жеңіп алған.