Өрттен 8 пәтер тұруға жарамсыз болып қалды
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өткен аптада өртеніп кеткен KARIMA кафесі және сол өртте тұруға жарамсыз болып қалған пәтерлерді қалпына келтіру жұмысы туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Парламент Мәжілісінің кулуарында қала әкімі БАҚ өкілдеріне аталмыш мәселелерге қатысты пікір білдірді.
«Бизнестің өмірін қиындатқан дұрыс емес. Олар да сіздер сияқты қарапайым азаматтар. Олар жұмыс орындарын ашап, салық төлейді. Осы салық төлемдері арқылы коммуналдық қызметтер, полиция тоқтаусыз жұмыс істейді.
Ақмешіт көшесінде өртеніп кеткен кафеге тоқталар болсақ, қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмысы басталды. Пәтері өртенген тұрғындар қонақүйлерге немесе туыстарының үйіне орналастырылды. Жөндеу жұмысын қысқа уақытта аяқтауға тырысамыз. Осы кафені басқарған компания қалпына келтіру шығынын толықтай өтейді», – деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада «Бәйтеректің» жанындағы кафе отқа оранып, бірнеше үй қоса өртеніп кеткені хабарланған. Сол сияқты көп ұзамай KARIMA кафесіне қатысты адам шошырлық мәлімет тараған болатын.