Таразда 9-сыныпта оқитын қыздың мәйіті табылды

Автор: Алмас Ерсін

Оқушының өмірден баз кешуіне не жағдай әсер еткені жұмбақ күйінде қалып отыр

Фото: Azattyq Rýhy

Таразда мектеп оқушысы өзіне қол жұмсады. 9-сыныпта оқитын қыз өзінің бөлмесінде асылып қалған. Оның өлі денесін анасы бірінші байқапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.

15 жастағы оқушы қаладағы №26 мектеп-гимназияда оқыған. Марқұмның тәртібіне ешқандай шағым болған жоқ дейді ұстаздары. Тіпті сабақ үлгерімі мен өзге балалармен қарым-қатынасы да жақсы болған. Сондықтан оқушының өмірден баз кешуіне не жағдай әсер еткені жұмбақ.

Қайғылы оқиғаның анық-қанығын тергеушілер анықтап жатыр. Білім басқармасы жанынан психологиялық қолдау тобы құрылып, қара жамылған отбасыға жан-жақты көмек көрсетуде. 

Айта кетері, Жамбыл облысында соңғы екі айда жеті жеткіншек өз-өзіне қол жұмсап бақилық болып отыр.

«23 қыркүйек күні Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін терең оқытатын мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы үйінде өзіне қол жұмсағаны анықталды», - дейді Жамбыл облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Облыстық психологиялық қолдау орталығынан жұмысшы тобы құрылды.   

Еске сала кетейік, осыған дейін облыста мектеп оқушылары арасындағы төбелестен екі бірдей бала көз жұмған болатын.