Жыныс мүшесін кесіп алған: Сарыағашты дүрліктірген қаскүнем жазадан босатылды
Ол зейнеткерді бауыздап, дене мүшелерін кесіп алған

Сарыағашта зейнеткерді бауыздап өлтірген Өзбекстан азаматын Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәжбүрлі емге жіберу туралы қаулы шығарды. Сот қаулысына зейнеткердің туыстары келіспеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Балтамен ұрып, арқанмен буындырған
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Адам өлтіру» бабымен күдікке ілінген 39 жастағы Өзбекстан азаматын мәжбүрлі емге жіберді. Сот қаулысына қарағанда, мамыр айында түнде Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында зейнеткердің беті мен көзіне балтамен ұрып, арқанмен буындырып есінен тандырған. Артынан бауыздап, екі қолы мен жыныс мүшесін кесіп алған.
«Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің өліміне кеңірдек, өңеш, мойын омыртқасы, жұлын, үлкен қан тамырларының кесіліп шабылған жарақаты, бас бөлігінің кесілуі себеп болған», - деп жазылған хабарламада.
Шизофренияға шалдыққан
Сотта айыпталушының жәбірленушіні қасақана қазаға ұшыратқаны дәлелденген. Десе де сот-психиятрия сараптамасының қорытындысы оның «Шизофренияның параноидті түріне» шалдыққанын, 6 жылдан бері есепте тұратынын анықтаған. Айыпталушы өз әрекетінің сипаты мен қоғамға қауіптілігін ұғынбаған.
«Нуриддинов Абдулхамид Мухторович Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағында қарастырылған қоғамға қауіпті іс-әрекетті ақыл-есі дұрыс емес күйде жасаған адам ретінде қылмыстық жауаптылықтан босатылсын. Оған интенсивті байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шаралары тағайындалсын», - деп жазылған сот үкімінде.
Сот қаулысына қарағанда, айыпталушы Алматы облысы Талғар ауданы Ақтас ауылындағы жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі Республикалық психиатриялық ауруханасына жіберілген. Десе де зейнеткердің туыстары сот қаулысымен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.