$ 541.68  636.26  6.48
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шымкент тұрғыны жұртқа грант алып беремін деп жүріп сотталып кетті

Ол жәбірленушілерден алаяқтық жолмен жиынтығы 8 миллион 600 мың теңге алған

Шымкент тұрғыны жұртқа грант алып беремін деп жүріп сотталып кетті
Фото: istockphoto.com

Шымкентте сот мемлекеттік бағдарламамен қайтарымсыз грант алып беруге уәде етіп, 3 адамнан ақша алған 31 жастағы әйелді үш жарым жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған. Сот оны жәбірленушілерден алған ақшасын қайтарып беруге міндеттеді.

«Ол жәбірленушілерден алаяқтық жолмен жиынтығы 8 миллион 600 мың теңге алған деген күдікке ілінген», - деп жазылған ақпаратта.

Сот үкіміне қарағанда, айыпталушы жәбірленушілерге өзін халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыспен қамту бөлімінде жұмыс істейтін қызметкер ретінде таныстырған. Жәбірленушілерге және олардың туыстарына «Атамекен» бағдарламасымен 5 миллион және 1 миллион 50 мың теңге көлемінде жалпы есебі 32 миллион теңге грант алып беретінін айтып, сеніміне кірген. Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған.

«Төлебаева Райхан Смайылқызы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтарымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деп жазылған сот қаулысында.

Алайда Конституцияның отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес жазаның мерзімі үштен бір бөлігіне қысқартылып, түпкілікті 2 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Айыпталушы жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Оның кәмелет жасқа толмаған балаларының болуына байланысты сот жазаны өтеу уақытын екі жылға шегерді. Сотта айыпталушы жәбірленушілерден алған ақшасын қайтарғанын айтқан. Дегенмен сот оны келтірген шығынды өтеуге міндеттеді.

«Азаматтық жауапкер Райхан Төлебаевадан азаматтық талапкерлер Мәметөренің пайдасына — 2 700 000 теңге, Әділбекованың пайдасына — 2 800 000 теңге, Паязованың пайдасына — 3 100 000 теңге және мемлекет пайдасына 86 000 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілсін», - деп жазылған сот қаулысында.

Айта кетері, сот үкімі 15 қыркүйекте шыққан. Үкім заңды күшіне енбеген.

Серіктес жаңалықтары