$ 541.68  636.26  6.48
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан кубогының финалы-2025: «Ордабасы» мен «Тобыл» жаңа стадионда ойнайды

Бұл «Қайсар Арена» стадионындағы алғашқы ресми матч болады

Қазақстан кубогының финалы-2025: «Ордабасы» мен «Тобыл» жаңа стадионда ойнайды
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылордада 4 қазан күні футболдан Қазақстан Кубогының финалдық матчы өтеді. Ақтық бәсекеде Шымкенттің «Ордабасы» мен Қостанайдың «Тобылы» күш сынасады. Олар жаңадан салынған «Қайсар Арена» стадионында өнер көрсететін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл – отандық футбол тарихында тұңғыш рет Қызылордада өтетін финал болмақ. Қазақстан кубогының басты ойыны жаңа «Қайсар Арена» стадионындағы алғашқы ресми матч ретінде тарихқа енеді. Ойынның басталуы – сағат 19:00-де. Ал матч алдындағы іс-шаралар 18:00-де басталады.

Екі клуб та өз тарихында екі реттен Қазақстан Кубогын иеленген. Бұған дейін де бұл екі команда финалда үш мәрте жолыққан: 2007 және 2023 жылдары жеңісті «Тобыл» тойласа, 2011 жылы кубок «Ордабасының» еншісіне бұйырған.

2025 жылғы кубокта қос команда жолын 1/8 финалдан бастаған. «Ордабасы» «Хан-Тәңіріні», «Қайратты» және «Қызылжарды» жарыс жолынан шығарды. Ал «Тобыл» болса, «Жетісу», «Тұран» және «Жеңіс» командаларын жеңді.

Финалда жеңіске жеткен клуб беделді трофейге ғана ие болмайды, сонымен қатар 2026/27 маусымындағы УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастап қатысу құқығына қол жеткізеді. Егер «Тобыл» чемпионаттағы алғашқы үштікке кіруді іс жүзінде қамтамасыз етіп үлгерсе, «Ордабасы» үшін бұл халықаралық аренаға шығудың жалғыз мүмкіндігі болып тұр.

Бұл кездесу турнирлік маңыздан бөлек, екі түрлі жаттықтырушылық мектептің тартысы ретінде де қызық. «Ордабасыны» молдовалық маман Андрей Мартин жаттықтырса, «Тобылдың» тізгіні Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы, Қостанай футболының аңызы Нұрбол Жұмасқалиевтің қолында.

Финалдың мәдени бағдарламасы да айрықша болмақ. «Қайсар Арена» алаңында көрермендерге белгілі қазақстандық өнерпаздар – Sadraddin мен қызылордалық Belucci тобы өнер көрсетеді. Sadraddin – кең танымал әндер авторы әрі орындаушысы, көптеген музыкалық жүлделер иегері. Ал Belucci тобы – поп-dance жанрындағы энергиялық тректері мен жарқын сахналық қойылымдарымен танылған ұжым.

Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайыр ресми пікір білдірді:

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елде жаңа стадиондар салу және қолданыстағыларын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сол жобалардың бірі – Қызылордадағы «Қайсар Арена». 2025 жылғы Қазақстан кубогының финалы осы заманауи аренадағы алғашқы ресми матч болмақ. Бұл – маусымдағы ең басты қызықтардың бірі. Қостанайлық клуб чемпиондық үшін таласып жатса, шымкенттіктер Премьер-лигадағы орнын күшейтуге тырысуда. Көрермендер жоғары деңгейлі ойын мен үлкен спорттық тартысты тамашалайды деп сенемін. Әсіресе, қызылордалық жанкүйерлер үшін бұл кездесудің ерекше мәні бар, себебі жаңа алаңда өз жерлестері Асхат Тағыберген өнер көрсетпек».

Қазақстан кубогының финалы жанкүйерлер үшін үлкен мерекеге айналмақ. Қатысушылар жаңа аренаның алаңын алғаш сынаса, көрермендер тарихтың куәгері болады.

Матч 4 қазан, сенбі күні өтеді. Басталуы – 19:00.

Серіктес жаңалықтары