Әлемдік туризмге жол ашады: депутат ШҚО-да әуежайлар мен тау шаңғысы курорттарын салуды ұсынды
Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елімізде туризмді дамытуға ерекше назар аудард

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұлықбек Тұмашинов ШҚО-дағы туризмді дамыту мәселесін көтерді. Оның пікірінше, жаңа әуежайлар салу, әуе бағыттарын субсидиялау және тау шаңғысы курорттарын ашу өңірді халықаралық туристік орталыққа айналдыра алады. Осы ретте ол Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елімізде туризмді дамытуға ерекше назар аударды. Бұл бағытта, Шығыс Қазақстан облысының әлеуеті жоғары және туризмді халықаралық деңгейде дамытуға толық мүмкіндігі бар, дейді депутат.
«Туризм – жаңадан құрылған шекаралық аудандардың дамуына, экономикасының өсуіне, халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін стратегиялық сала. Бүгінгі таңда Шығыс өңірінің табиғи ерекшеліктеріне негізделген мынадай туристік маршрут қалыптасты.
- Өскемен қаласынан басталып Ұлан және Самар аудандарын қамтиды;
- Бұқтырма су қоймасындағы жаңа көпір арқылы Күршім, Тарбағатай, Зайсан аудандарына өтеді;
- Марқакөл көліне жетіп, ары қарай «ескі австралиялық» жолымен Қатон-Қарағай аймағына бағытталады», – дейді депутат.
Айтуынша, 2025 жылы осы бағытты таңдаған туристер саны өткен жылмен салыстырғанда бес есе өсті. Алайда, туризмнің дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелер бар:
- инфрақұрылымның жеткіліксіздігі (қонақ үй, тамақтану, сервис сапасы);
- экологиялық тәуекелдер (қоқыс тастау, өрт қауіпсіздігін сақтамау);
- туристік нысандардың (Катон-Қарағай ұлттық паркі, Марқакөл қорығының) сақталуын қамтамасыз ету қажеттілігі.
«Жергілікті халық туризмнен табыс көзі бар екенін түсініп, саяхатшыларға үйлерін жалға беруде, қосалқы ауылшаруашылық өнімдерін (қымыз, бал, құр, май т.б.) сатып, қосымша қаражат табуда. Бюджетке салық түсімі артуда. Бірақ бұл жеткіліксіз.
Инфрақұрылым және инвестиция президент тапсырмасына сәйкес, Зайсан және Қатон-Қарағай аудандарында жаңадан әуежайлар салынып жатыр. Бұл туристер ағынын одан әрі арттырады. Осыған байланысты 2025-2028 жылдары републикалық бюджетке жаңа әуе бағыттарын субсидиялау мәселесін қарастыру қажет.
Сонымен қатар, Зайсан Үрімші бағытын ашу, Марқакөл және Зайсан аудандарында шетелдік туристерге арналған демалыс орындары ойын-сауық нысандарын (оның ішінде казинолар) салу – қосымша инвестициялық көздерді тартуға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Сөзін жалғай отырып, тау шаңғысы туризмі Алматы тау кластері жобасымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында тау шаңғысы туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет, дейді. Бұл ретте Глубокое ауданы мен Риддер қаласының геоклиматтық ерекшеліктері тау шаңғысы курортын салуға өте қолайлы.
«Жобаларды іске асыру үшін инженерлік және жол инфрақұрылымын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржыландырумен қамтамасыз ету ұсынылады.
Риддер тау кластері стратегиялық маңызы бар жоба ретінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға, халықаралық деңгейдегі кешенді туристік өнім қалыптастыруға мүмкіндік береді», – дейді халық қалаулысы.
Сөз соңында туризмді дамыту үшін мынадай мәселелерді назарға алуды ұсынды.
- Шығыс Қазақстан облысы бойынша туристік бағыттарды дамытуға арналған жол картасын қабылдау;
- 2026-2028 жылдары республикалық бюджетке әуе бағыттарын субсидиялау мәселесін енгізу;
- Зайсан-Үрімші бағытын ашу мүмкіндігін зерделеу;
- Марқакөл мен Зайсанда шетелдік туристерге арналған демалыс орындары мен ойын-сауық нысандарын салу жөніндегі инвестициялық жобаларды қолдау;
- Глубокое ауданы мен Риддер қаласында тау шаңғысы курорттарын салуды «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржыландырумен қамтамасыз ету.