Алматы облысында жүргізуші жеті автокөлікті зақымдады
Алматы облысының Бесағаш ауылында жүргізуші көлігімен тұрақта тұрған жеті машинаны соғып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде ер адамның зақымданған көліктің ішінде отырған сәті түсірілген видео жарияланды. Оған өзгелері жақындаған кезде, қашып кетпек болған.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушінің жеке басы жедел анықталып, ол полиция бөліміне жеткізілді.
«Жүргізуші қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген Алматы облыстық ПД хабарламасында.
Құқық қорғаушылар мұндай фактілерге дереу әрекет ететіндерін атап өтіп, азаматтарды құқықбұзушылықтар туралы полицияға хабарлауға шақырды.